Елбасы жолы

Басып шығару

Ағымдағы жылдың 13-ші желтоқсанында сағат 15.30-да "Ғылым ордасы" РМК ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырып Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың өміржолына арналған "Елбасы жолы" -"Путь Лидера" киноэпопеясының бірінші көрсетілімі өтеді.

Оқуын ойдағыдай тәмамдап, қолына диплом алған жас Сұлтан достарымен бірге Теміртауға оралып, еңбек жолын қайта жалғастырады. Алдына айқын мақсат қоя білуімен, діттеген биігіне жету жолында қаймықпай, қажымай, күресе алатын қайсар мінезінің арқасында ол қарапайым металлургтен бастап Орталық Азиядағы ең ірі металлургиялық комбинаттың басшыларының біріне дейінгі қызмет сатысына көтеріледі.

 

Фильмдегі Нұрсұлтан Назарбаев домна пешіндегі шойынмен бірге шыңдалып қана қоймай, партия жұмыстарына да белсене атсалысады.

Кинода Н.Назарбаевтың металлургиялық зауытта жүріп әйгілі қазақ академигі Қаныш Сәтбаевпен кездескен сәті де шебер суреттеледі. Сәтпаевтың рөлін сомдаған белгілі актер Бақытжан Әлпейісов те «өзімді шын мәніндегі Сәтпаевша сезінуге тырыстым» дегенді алға тартады. Бас кейіпкердің рөлін жас актер Нұрлан Әлімжанов орындап шықты. «Президенттің рөлін ойнаған жоқпын. Ол кезде Елбасы еліміздің Президенті болған жоқ қой. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының жалындаған жастық шағын көрсеттім, оның ата-анаға құрметін барынша көрсетуге тырыстым», - дейді актер. Ал Нұрсұлтанның әкесі Әбіштің рөлін сомдау Нұржұман Ықтымбаевқа бұйырған. Оның актерлік шеберлігіне Президенттің өзі де риза болған көрінеді. «Сұлтан жалақысын ата-анасына көмектесіп, үйіне жіберіп тұрады. Ал әкесі мен шешесі сол ақшаны жұмсамай, Сұлтан үйленгенде Сұлтанның өзіне береді. Бұл әкенің балаға деген жүрегі. Баланың әке мен шешеге деген құрметі. Соның екеуі де осы сценада көрінеді. Фильмді алғаш Президенттің өзі мен Үкімет мүшелері тамашалағанда мен Нұрекеңе жақын отырған едім. Нұрекең сол сценаны көріп отырып маған қарап бұрылды да: «Сен әкемді есіме түсіріп, жүрегімді езіп жібердің ғой», деді. Мен «рахмет, рахмет» дедім. Актерге содан артық бақыт бар ма?! Мен сол нәтижеге жеткеніме қуандым», - дейді бұл жайында Нұржұман Ықтымбаев. Жалпы, киноэпопея сценарийіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі» және «Еуразия жүрегінде» шығармаларын негізге ала отырып, белгілі драматург-сценарист Шахимарден Құсайынов пен режиссер Рүстем Әбдірашев жазып шыққан екен. Сондай-ақ, аталмыш фильмде Елбасының әріптестері, достары мен замандастарының естеліктері молынан пайдаланылған. Екі бөлімнен тұратын эпопеяны шығармашылық топ күн-түн демей бір жарым жыл Мәскеу, Украина, Беларусь, Латвия, Эстония жерлерінде түсіргенін айтады. Көркем дүниені жарыққа шығару үшін жалпы саны 100-ден астам маман еңбек етіпті. «200 сағаттық түсірілімді 2 сағат 50 минутқа сыйғыздыруға тура келді. Киноны түсіруге 1,5 жыл уақыт жұмсалды. Елбасы өмірбаянының ізімен жүріп отырып, 1958-1968 жылдар аралығын шығармашылық топпен демалыссыз түсірдік», - дейді режиссер Рүстем Әбдірашев. 

 

Copyright 2012-2013. Институт экономики Комитета науки МОН РК. Designed by IT Sigma.