Бірлескен ықпалдастық энергиясы

 

ЕАЭО жағдайында ғылыми экономиканың қалыптасуы мен дамуы туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, Кеден одағы мүшелері экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құрайды. Ең алдымен ЕАЭО-ның ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы қызметі әлемнің ең маңызды экономикалық макроаумағы бола алатындығында, деп көрсетті Мемлекет басшысы.
КО-ның құрылуы оның мүше елдерінің арасындағы өзара сауданың өсуіне септік етті. 2013 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстанның Ресеймен және Белоруссиямен сауда айналымы 24 млрд. доллардан асып түсті. Бұл Одаққа дейінгі соңғы 2009 жыл деңгейінен 1,9 есе, ал 2012 жылдан 1,4% артық болды. КО елдеріне экспорт 2009 жылдың деңгейінен 1,6 есе артып, 5,9 млрд. долларға жетті, ал импорт 18,3 млрд.тан асты, мұның өзі 2009 жылдың көрсеткіштерінен 1,9 есе және 2012 жылдан 4% артық болып табылады. Мұнда одақішілік экспорттың ширегіне жуығы металл мен металл бұйымдарының (24,2%), 13,7%-ы химия өнеркәсібі өнімдерінің, 10,4%-ы машиналар мен жабдықтардың, 8,1%-ы ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесіне тиеді.
Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі айналып өтуге болмайтын бәсекелестіктердің күшеюі өз кезегінде кәсіпкерлерді өндірісті жетілдіруге және өнім сапасын жақсартуға мәжбүрлеп, экономиканың жай-күйіне оң әсер етіп отырғанын айтуға болады. Бәсекелестіктің күшеюі мемлекеттік сатып алу жүйесінде де қанағаттанарлық көрініс беруде, мұның өзі мемлекетке неғұрлым тиімді ұсыныстарды таңдауға және бюджеттік қаржыларды үнемдеуге мүмкіндік туғызуда.
Қазақстанның Кеден одағына қатысуы ұлттық экономиканың дамуының аса мәнді көзіне айналуда. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, өткен жылы КО елдерімен 17,9 мың сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бірлесіп жұмыс істеген, олардың 1,1 мыңы экспортшылар, ал 16,8 мыңы импортшылар болды, ал 2012 жылы мұндай кәсіпорындар 17,6 мың болған. Сонымен қатар, одақтық саудаға жеке кәсіпкерлер де қатысады және олардың саны былтыр екі есеге артты. Егер 2012 жылы мұндай кәсіпкерлер 2673 болса, 2013 жылы 5232 болды. Бұл интеграциялық үдерістер ірі кәсіпорындармен бірге шағын және орта бизнесті де қамтып, одақ шеңберінде бірыңғай экономиканы қалыптастырып отырғанын көрсетеді. Ендігі жерде кәсіпкерлердің бұл бөлігі еуразиялық экономикалық интеграцияның негізгі қозғаушы күшіне айналуы толық мүмкін.

Ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты еңсеру

Мемлекет басшысы ОЭСР-дың бірқатар ұстанымдары мен стандарттарын Қазақстанда енгізу бойынша міндеттер белгіледі, сөйтіп, қоғамымыздың дамуының басты бағыты болып табылатын ғылымға негізделген жаңа экономиканың қалыптасуын анықтап берді. Ал технологиялық жетілдіру Қазақстандағы аса ауқымды технологиялық революцияның үш кілті болып саналатын бағыттарының қалыптасуымен тығыз байланысты. Олар: био, нано және ақпараттық тех¬но¬лгия¬лар. Сондай-ақ, өмір сапасын арттырумен байланысты жаңа технологиялар да көңіл бөлуді қажет етеді.
2020 жылға дейінгі технологиялық дамудың әлемдік болжамдарында айқындалған 16 кілттік бағыттардың бесеуін меңгеру үшін Қазақстанда тиісті алғышарттар бар екенін көрсетуге болады, өйткені, мұның өзі аса маңызды. Сымсыз коммуникация технологиясын қолдану мейлінше қажет болып табылады. Мұнда инновациялық серпіліс аймағына АШК-нің медицина өнеркәсібінің және денсаулық сақтау саласының тиімділігін шұғыл көтеретін биотехнологияның дамуын, сондай-ақ жерсеріктік және опто-нәзік талшықты байланыс, ұялы байланыс, т.б. салалар негізінде ақпараттық инфрақұрылымның дамуын жатқызуға болады.
Ел Президентінің Жолдауында көрсетілгендей, ғылымға негізделген экономиканы құру – бұл ең алдымен қазақстандық ғылымның әлеуетінің артуы. «Берілген бағытта венчурлық қаржыландыру, интеллектуалдық меншік, зерттеулер мен инновация, сондай-ақ дайындалған ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша заңнаманы жетілдіру керек», – деп атап айтылған бұл стратегиялық құжатта. Ал ол деген сөз, жақын арадағы 10-15 жылда ғылымға экономикалық базис құру аса қажет, онсыз Қазақстан үшін әлемнің дамыған елдерімен бір қатарда болуы күрделі іске айналады. Мұндай базисті құру ең бірінші кезекте отандық ғылымның әлеуетін арттырумен байланысты. Сонымен қоса, мұның өзі қаржыландыру, интеллектуалдық меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, дайындалған ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша заңнамаларды одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Отандық инновациялық саясат әлемдік тәжірибеде мейлінше шыңдаудан өткен көптеген бағыт¬тарды қамтиды. Алайда, қабылданып жатқан шаралардың барлығы бірдей тиісті қайтарым беріп жатқан жоқ, өйткені жекеменшік бизнестің ғылыми-зерттеулер мен инновацияны қолдау қажет екеніне көзін жеткізу аса күрделі іс болып шықты. Сондықтан Президент белгілеп беріп отырған мақсаттардың жүзеге асуы үшін ғылым мен инновацияларға кешенді ынталандыру шаралары өте маңызды.
Бірінші кезекте Қазақстан ғылымының дамуында шетел инвесторларының рөлін арттыру керек. Яғни, инвесторларды тек өнеркәсіптік компаниялармен ғана емес, сонымен бірге ҒЗИ-мен де келісімшарт жасауға қызықтыру қажет. Мысалы, шетелдерде ғылымға жалпы шығынның 20%-ы шетелдік көздер үлесіне тиесілі. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1-2% ғана, ал мұның өзі біздің елде негізгі капиталдағы шетел инвестицияларының үлес салмағы соңғы жылдарда 30%-ға артқан жағдайда болып отыр.
Қаржыландырудың келесі көзі – ол жер қойнауын пайда¬ла¬нушы¬лардың өздерінің жылдық кірісінің жиынынан ҒЗӘКТ үшін аударым (1%) жасап отыруы. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтері бойынша бұл көздерден қаржыландыру көлемі өткен жылы 250 млн. долларға артқан. Сондықтан, бұл қаржыларға қолжетімділікті инновациялық циклдың кез келген сатысында технологиялар жеткізуді қаржыландыратын ғылыми-техникалық және инновациялық қорлар жүйесі арқылы кеңейту кезек күттірмейтін қажеттілік.
Ол үшін инновациялық бизнес-жобалардың қаржыландырылуының үздіксіздігін қамтамасыз ету мақ¬сатында арнаулы қор құру керек деп ойлаймын. Соның ішінде, технологиялық даму қорын құру қарастырылуы тиіс, ол өз кезегінде мысалы, өнеркәсіп мекемелерінің корпоративтік кірісінің 0,5%-ын құра алар еді.
Сонымен қатар, зерттеушілік пен кәсіпкерлік әрекет салаларының арасындағы алшақтықты игеру керек болады. Бүгіндері бұл мәселе инновациялық кластерлер, технопарктер, венчурлық қорлар арқылы шешімін табуда. Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бұл жетімсіз: венчурлық қорлар, технопарктерден басқа технологиялық делдалдық институттар құру керек-ақ. Олар дайындалған ғылыми-инновациялық жобаларды рынокқа өткізумен, патенттеумен және лицензиялаумен, инновацияларды консалтингтеумен, интеллектуалдық меншікті басқарумен айналысар еді.

Бәріне бас болатын – заң

Әрине, ғылымның даму мәселелерін қарапайым қаржыландыру жолымен шешу мүмкін емес. Мұнда «Ғылым туралы» Заңға тиісті толықтырулар енгізу кезек күттірмейтін қажеттілік. Бірінші ретте ғылыми қызметтің нәтижелігіне арналған арнаулы жаңа бап енгізуді ұсынған болар едім. Сондай-ақ, интеллектуалдық меншікті қорғауды және оның нысандарын пайдалануды қамтамасыз ететін заңнамалық нормаларды бекіту қажет деп ойлаймын. Мұның өзі бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламаларды, ғылыми жобалар мен жоғары біліктілікті ғылыми және инженерлік кадрлардың жаңа сападағы шоғырларын тартуды бірлесіп қаржыландыруды жүзеге асыру жолы есебінен бизнестің, соның ішінде, ұлттық компаниялардың ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуын кеңейтуге көмек болар еді. Сонымен қоса, әлемдік даңқы бар жоғары технологиялық корпорациялардың Қазақстанға келуі үшін мейлінше қолайлы салықтық жағдайлар тудыру заң жүзінде болуы талап етіледі.
Шетелдік технологиялар ағынын қарай отырып, сонымен бірге шетелдік серіктестерге дайын өнімді «локализациялау» туралы талаптар қойылуы тиіс, онда қазақстандық мазмұнның үдемелі арттырылуы қарастырылуы міндетті. Мұндай талаптар технологияларды жеткізу бойынша келісімшарттарда енгізіледі және оларда шетелдік серіктестердің жергілікті ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастығының қажеттілігі де көрсетілуі тиіс.
Мысалы, Қытай елі шетелдік корпорацияларды өздерінің технология-ларын қытайлық кәсіпорындармен бөлісулеріне мәжбүрлейтін жаңа «ойын ережелерін» үнемі енгізіп отырады. Қазақстанға технологияларды трансферттеуде әзірге машиналар мен жабдықтар басымдықта, ал осы жағдайда ноу-хау мен лицензиялар иелену төмен деңгейде қалуда. Атап айтсақ, лицензияларды иеленуге қызмет көрсеткені үшін төлемдердің балансында бар болғаны 1-2% ғана үлес тиюде.
Бұл жоғарыда айтқандардың жүзеге асуы, Президент көрсеткендей, бағдарламалық құжаттардың қайта қаралуын қажет етеді. Шетелдік технологияларды иеленуді үйлестіру мақсатында ұлттық агенттік құру ұсынылады. Оның негізгі міндеттері болып сан түрлі салалар үшін шетелдік технологияларға қажеттіліктерді анықтау, технологиялардың балама көздері туралы ақпараттарды алуға көмек және оларды сараптау, т.б. міндеттер белгіленген болар еді.
Ғылымды көп қажет ететін экономиканы басқару «ғалым-шенеунік-ғалым» ұстанымынан «бизнес-шенеунік-ғалым-бизнес» ұстанымына қайта бағдарланса дейміз. Жоғары дамыған елдердегі ғылыми экономика үдерістерінің негізіне салынған қисынды желіні атап айту керек. Ол: ғылым жаңа технологияларды, машиналарды, құралдарды ғылым нәтижелерін пайдалану жолымен жасау бойынша тәжірибелік-конструкторлық немесе тәжірибелік-технологиялық жұмыстар ғылыми-техникалық (инновациялық) қызметінің нәтиже¬лерін коммерциялау. Сондай-ақ, ғылымды қаржыландыру құрылымын төмендегідей арасалмақта өзгерту қажет болады: іргелі зерттеулер – 20% , қолданбалы зерттеулер – 30 %, ТКЖ – 50%.
Мұның бәрін ескере келіп, «Ғылымды көп қажет етушілік және инновациялық қызмет туралы» жаңа заң дайындау қажет. Тәжірибемен айтсақ, мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат туралы Ресейде – федералдық заң, ал Украинада ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет туралы заң бекітілген.
Шағын және орта бизнес – ХХІ ғасырдың басты бір құралы.
Осы орайда, ұлттық иннова¬циялық жүйе мен оның базалық институттарының тиімділігін арттыру қажеттілігі туындайды. Алғашқы интеллектуалдық-инновациялық кластер Астана қаласында Назарбаев Университеті базасында табысты жұмыс істеуде. Технопарктерде қазақстандық ірі компанияларының қосымша өндірістерін орналастыруды ынталандыру үшін тиісті шараларды ойластыру да маңызды.
Осыған байланысты ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Агломерациялар, көлік, энергетика үштігінің инфрақұрылымының икемді дамуын қамтамасыз ету керек. Агломерациялар – ол Қазақстанның ғылыми экономикасының арқау қаңқасы. Оларды құру және дамыту – еліміздің кең-байтақ аумағы мен халық тығыздығын ескере отырып жүргізілетін маңызды іс», деп айтқан еді. Нәтижесінде агломерациялар ғылымның және инвестициялар мен халықты тарту орталықтары болуға тиіс, сапалы білімдік, медициналық, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетуді ұсынатын болады.
Бұлармен бірге, Қазақстанның ХХІ ғасырдағы индустриялық және әлеуметтік жаңғыртылып жетілдірілуінің басты құралы болып саналатын шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар айналасында дамуы тиіс. Осыған байланысты мемлекетіміз елімізде өндірілуі әлі жолға қойылмаған тауарлар мен қызмет көрсетулердің арнаулы тізімін бекіту тиіс. Ал ШОБ субъектілеріне Германия тәжірибесі бойынша жеңілдетілген ұзақ мерзімді несиелерді қарастыруы керек болады. Мұнда несиелерді өтеу натуралдық түрде (тауарлар және қызмет көрсетулер түрінде) болуы мүмкін. Ал несиелердің қайтарылмау тәуекелділігін кепілдік жүйе бойынша немесе (кепілдік мүліктің жоқ болуы жағдайында) жобаларды бірлесіп қаржыландыру арқылы төлемділікті етуге болады. Бұдан басқа басымдықтағы өндіріспен айналысатын ШОБ салық салуды қайта қарау керек және салықтар 6-8%-ға дейін қарастырылуы тиіс.
Сондай-ақ, венчурлық қорлар, коммерциялық құпиялылық, құпия жаңа өнертапқыштық, қос қызмет атқара алатын технологиялардың трансферті, интеллектуалдық қызметтің нәтижелері, инновацияларды жасауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру т.б. туралы заңдар дайындау мүмкіндіктерін де қарастыру қисынды болмақ. Сонымен қатар, іс жүзінде барлық дамыған елдерде шағын және орта кәсіпорындардың инновациялық қызметін мемлекеттік ынталандыру жүйесі бар екеніне назар аударғым келеді. Мысалы, Францияда шағын және орта фирмалардың бел¬сенділігін арттыру халықаралық бәсекелестікке қабілеттіліктің өсуіне ықпал ететініне көз жеткізген соң, инновациялық кәсіпорындарға арнайы бағдарламалармен көмекті жүзеге асыру қолға алынған, сөйтіп, дотациялар, салықтық жеңіл¬діктер, жеңілдетілген несиелер, тәуекелділікті капитал және кеңес беру жолдары арқылы олардың шығындарын азайтуға көмек береді.
Осыған байланысты Экономика институты индустрияландыруға шұғыл бетбұрыс жағдайларында ұлттық экономиканың кластерлік дамуын; мемлекет-жекеменшік серіктестігі түрі ретіндегі білім кластерін; халықтың өзін өзі қамтамасыз ету әдістері мен критерийлерін зерттеу ісін жүргізуде. Сондай-ақ, институтта кластерлік дамудың тетіктері, тұжырымдамасы мен «жол картасы», машина жасау кешенінің инновациялық-технологиялық кластерлерінің қалыптасу және дамуының экономикалық мүмкіндіктерін бағалау бойынша өндірістік нысандарда сынақтық зерттеулер жүргізу үшін әдістемелік құралдар мен ұсыныстар дайындалып ұсынылуда.