2024 жылдың 11 қазанында Алматы қаласында ҒЖБМ ҒК Экономика институтының ұйымдастыруымен Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Қошанов Аманжол Қошанұлының 90 жылдық мерейтойына және еске алуға арналған «Ұлттық экономикалық мүдделер және халықтың әл-ауқаты» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға шетелдік және отандық айтулы ғалымдар, мемлекеттік қайраткерлер мен лауазымды тұлғаларды қоса, ғылым жолында жүрген 100-ге жуық қызметкер қатысты. Осындай елеулі іс-шараның өткізілуімен құттықтап жіберген Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың құттықтау хатын конференцияға арнайы келген ҚР ҒЖБМ вице-министрі Дархан Жұмабекұлы Ахмед-Заки оқыды. Сондай-ақ ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев сөз кезегін алып, жылы лебізін білдірді.
Конференцияны Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және техника жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Оразалы Сәбден жүргізді. Конференцияда Койчуев Т.К., Койчуева М.Т. (Қырғызстан), Алшанов Р.А., Бобков В.Н. (Ресей), Святов С.А., Шейх A.А. (Финляндия), Сапрыка В.А. (Ресей), Устаджалилова Х.А. (Өзбекстан), Берешев С.Х., Мукан Б.Ғ. сияқты қадірлі қонақтар мен институттағы Қошанов А.Қ. көзін көрген ғалым-қызметкерлер түрлі өзекті мәселелелерге баяндама жасады. Академиктің қызы Қошанова Жанар Аманжолқызы «Академик Қошанов және Қазақстанның экономика ғылымы» тақырыбында сөз қозғап, әкесінің еңбектерімен және ол туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Осы орайда, Ресей Ғылым академиясы Экономика институты Адам капиталы даму орталығының өмір сүру сапасы мен деңгейін әлеуметтік-экономикалық зерттеу секторының меңгеушісі экономика ғылымдарының докторы, профессор В.Н.Бобков пен ҒЖБМ ҒК Экономика институтының бас директоры экономика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор А.Н.Тургинбаева екіжақты меморандумға қол қойды.
Конференция жас ғалымдардың «Ғылыми-зерттеу қызметіндегі заманауи құралдар мен технологиялар: жасанды интеллект жобасын әзірлеу, жобалау және қолдану» атты онлайн отырысымен жалғасты.