Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің базасында «Қазақстанның ғылыми журналдары: сапа, басқару және халықаралық интеграция» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл іс-шара отандық ғылыми басылымдарды Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына ілгерілету стратегияларын талқылауға арналған негізгі алаңға айналды.
Семинардың ашылу баяндамасымен экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Киреева Әнел Ахметқызы сөз сөйледі. Дөңгелек үстел аясында бас редактордың орынбасары «Economy: Strategy and Practice» ғылыми журналының трансформациялану үдерісі мен оның Scopus халықаралық дерекқорына енгізілуі бойынша табысты тәжірибесін таныстырды.
Іс-шара барысында қатысушылар жергілікті ғылыми журналдардың жаһандық талаптарға сәйкестену жолындағы кедергілерін, редакциялық саясатты халықаралық стандарттарға бейімдеу бойынша практикалық қадамдарды, ғылыми мақалаларды іріктеудің ашық әрі айқын тетіктерін енгізу, дәйексөз алу көрсеткіштерін арттыру әдістерін, сондай-ақ қазақстандық ғылыми зерттеулерді әлемдік ғылыми-ақпараттық кеңістікке интеграциялау мәселелері мен оларды еңсеру тетіктерін талқылады.