Басты бет

ҒАЛЫМДАР ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚТАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

ҒАЛЫМДАР ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚТАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Экономика институтында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының конституциялық негіздеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Кіріспе сөзді институт директоры, э.ғ.д., профессор Садықов Е.Т. сөйледі.

Талқылауға институттың жетекші ғалымдары белсене қатысты. Академик, э.ғ.д., профессор Сатыбалдин А.А. қоғам дамыған сайын және қоғамдық қатынастар кезең-кезеңімен өзгерген сайын қоғамдық құрылымдар да өзгеруі тиіс екенін атап өтті. Ол ғылымның конституциялық норма ретінде бекітілуін оң бағалай отырып, бұл қадамның ғылыми зерттеулер сапасының өсуіне жаңа серпін беретініне сенімін білдірді. Баяндамашы азық-түлік қауіпсіздігі, ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын құру, өңірлерді дамыту және ауылды жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық ұлттың бірегейлігін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Э.ғ.к., профессор Брімбетова Н.Ж. медицина мен білімді Конституция кепілдік беретін әлеуметтік игіліктер ретінде сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, тегін денсаулық сақтау мен білімнің қолжетімділігі әлеуметтік әділеттілік пен қоғамның орнықты дамуының аса маңызды институттары.

Э.ғ.д., профессор Қалиева С.А. Конституцияның зайырлы сипатына, әсіресе білім беру саласындағы ережелеріне назар аударды. Сонымен қатар ол зияткерлік меншікті қорғау мен цифрлық технологияларды дамытудың білім экономикасын қалыптастырудағы түйінді рөлін ерекше атап өтті. Оның көзқарасынша, конституциялық нормалар инвестициялар үшін қолайлы құқықтық орта жасайды және өңірлердің дамуына жаңа қарқын береді.

Э.ғ.к., профессор Чигаркина О.А. экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау мәселелерін көтерді. Ол экологиялық нормаларды күшейту және табиғат ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылаудың қажеттігін алға тартты. Баяндамашы табиғат ресурстарының қоғамдық игілік екенін және оларды сақтаудың елдің орнықты әрі теңгерімді дамуының негізі болып табылатынын ерекше ескертті.

Э.ғ.к. Дауранов Э.Н. ұтымды мемлекеттік басқару мен саяси жүйенің институционалдық дамуы мәселелерін қозғады. Ол Конституцияны әзірлеу барысында кең сараптамалық қауымдастықтың белсенді қатысқанын атап өтті.

Талқылауға институттың басқа да қызметкерлері белсенді үлес қосты. Э.ғ.д., профессор Тлеубердинова А.Т. мемлекеттік тілдің және ұлттық бірегейліктің қоғамдық тұтастықты нығайтудағы ерекше рөліне тоқталды. Э.ғ.д., профессор Дніщев Ф.М. білім экономикасын дамыту және ғылыми әлеуеттің экономиканы жаңғыртудағы рөлін арттыру мәселелеріне назар аударды. Э.ғ.к., доцент Түркеева Қ.А. ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету тұрғысынан ұлттық құқықтық актілер мен стратегиялық құжаттардың халықаралық шарттардан басымдығының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның білім экономикасын, әлеуметтік саясатын және орнықты дамуын қамтамасыз ететін конституциялық негіздерді одан әрі ғылыми тұрғыдан зерделеудің маңыздылығын бір ауыздан атап өтті.