Ата Заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі – қоғамның өткен жылдар еншісінен түйген терең пайымы мен ішкі-сыртқы сын-қатерлерге қайтарған лайықты жауабы. Бұл – мемлекеттің даму жолындағы жаңа белесі мен қоғамдық сұраныстың заңды көрінісі.
Адами капиталды нығайту, ғылым мен инновацияны дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейген заманда бұл – шикізатқа тәуелділіктен арылып, адамның интеллектуалдық әлеуеті мен шығармашылық қуатына негізделген жаңа модельге көшу деген сөз. Ата Заңдағы бұл нормалар азаматтардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі толыққанды іске асыруына жол ашады.
Интеллектуалдық меншікті қорғау мен білім берудің зайырлы сипатын заң жүзінде бекіту – инновациялық ұлт қалыптастырудың құқықтық кепілі болмақ.
Билік институттарының трансформациялануы мемлекеттің халықтық бастамаларға құлақ түруге және стратегиялық тұрғыдан жаңаруға дайын екенін аңғартады. Сайланбалы органдардағы өкілдіктің кеңеюі – саяси белсенді, өз-өзіне сенімді қоғамның мүддесін мейлінше дәл көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңарған Ата Заңның басты мұраты – әлеуметтік кепілдіктердің мызғымастығын қамтамасыз ету. Тәуелсіздік жылдарында халықтың мемлекеттік қамқорлық пен қолдауға деген сенімі нығайды. Ата Заң осы қалыптасқан статус-квоны сақтай отырып, болашақты сеніммен жоспарлауға қажетті тұрақтылықты нығайта түспек.
Ата Заң – қашанда ертеңгі күннің еншісі. Біздің міндет – осы өзгерістердің мәнін әр азаматқа жеткізу. Өйткені біз бүгін келер ұрпақтың бақуатты өмірін қамтамасыз ететін іргелі құқықтық негіз қалап жатырмыз.
ҚР ҒЖБМ ҒК Экономика институтының бас директоры экономика ғылымдарының докторы, профессор Садықов Е.Т.