ҚР ҒЖБМ ҒК Экономика институтының ұжымы ғалым-экономист, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер және халқының аяулы ұлы Баймұратов Ораз Баймұратұлының дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтады.
Баймұратов Ораз Баймұратұлы – Қазақстан экономика ғылымдарының дамуына баға жетпес үлес қосқан ғалым. Ол бірнеше ғылыми мектеп бағыттарының негізін қалаушы, атап айтқанда: инвестициялар тиімділігі, ғылым жүргізу және экономика ғылымы, жаһандану жағдайында ақша-қаржы жүйесін дамыту. Сондай-ақ нарықтық экономикаға көшу бағдарламасының бастамашылары әрі әзірлеушілерінің бірі болып табылады.
Ораз Баймұратұлы 1958-1983 жылдар аралығында Қазақ КСР ҒА Экономика институтында кіші ғылыми қызметкерден бөлім меңгерушісі лауазымына дейін жетіп, бас ғалым-хатшы қызметін атқарды. 1983-1994 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясында Өндірістік күштерді зерттеу жөніндегі Кеңес төрағасының бірінші орынбасары, кейіндері төраға лауазымында болды.
Баймұратов Ораз Баймұратұлы – 37 монография авторы, оның ішінде 12-сі жалғыз авторлықта. Баймұратов О.Б. ғылыми мұрасы 622 астам ғылыми еңбектен құралады. Ораз Баймұратұлы докторлық диссертациялық кеңестердің жұмыстарында белсенді мүше, ондаған докторлық және кандидаттық диссертациялардың оппоненті болды. Оның ғылыми басшылығымен 50 аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды.
Ораз Баймұратұлының дүниеден озуы – отандық ғылым және оны таныған әрі қызмет еткендер үшін орны толмас қаза.
Туған-туыстарына, жора-жолдастарына Экономика институтының ұжымы қайғыра көңіл айтады. Ораз Баймұратұлының жарқын бейнесі әрқашан жүрегімізде сақталады.
Аллаһ тағала өз панасына алғай.
