ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Экономика институты бас директорының орынбасары Чуланова З.К. Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласына жұмыс сапары барысында шақыру бойынша Қытайдың жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарында болып, университет профессорлары мен олардың зерттеу бөлімшелерінің өкілдерімен кәсіби тәжірибе алмасуға қатысты.
Шанхай Цзяотун университеті (Shanghai Jiao Tong University) жанындағы Шанхай озық қаржы институтында (Shanghai Advanced Institute of Finance, SAIF) атқарушы декан, профессор Shijun Cheng, қаржы кафедрасының профессоры, декан орынбасары Hong Yan, халықаралық байланыстар жөніндегі директордың көмекшісі Xiaoin Zhao-мен кездесу өтті. Кездесу барысында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланып, әлеуетті ғылыми жобалардың тақырыптары мен оларды іске асыру бағдарламалары айқындалды. Сонымен қатар ҚХР профессорларына Экономика институтының PhD докторанттары үшін шетелдік ғылыми кеңесшілер ретінде қатысу ұсынылды.
Зерттеу департаментінің басшысы Pai Xinzhu-мен өткен кездесу барысында SAIF-тің зерттеу практикасы мен академиялық мәдениетімен танысу жүзеге асырылып, бірлескен ғылыми зерттеулердің перспективалары мен негізгі бағыттары белгіленді.
Сондай-ақ Чуланова З.К. SAIF алаңында Вашингтон университетінің профессоры, 2022 жылғы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Филип Х. Дабвиг өткізген «Turning the world upside down: option pricing when interest rates can be negative» тақырыбындағы ғылыми семинарға қатысты.
Фудань университетінің (Fudan University) Экономика мектебінде өткен кездесулер барысында Әлемдік экономика институтының директоры Changyuan Luo, Еуропалық зерттеулер орталығының директоры Chun Ding, Әлемдік экономика институты директорының орынбасары Guobing Shen-мен келіссөздер жүргізілді. Бірлескен ғылыми зерттеулердің мүмкіндіктері мен бағыттары, профессорлық-оқытушылық және зерттеушілік алмасу, жарияланымдық белсенділік мәселелері айқындалып, жаһандық экономика, Қазақстан мен Қытай экономикаларының даму мәселелері талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдар дайындалды.