Алматыда, «Ғылым ордасы» ғимаратында, Ғылым күніне орай «Жаңа Конституция қалыптастырған кеңістіктегі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқылауға экономика, А.Байтурсынов атындағы тіл білімі, философия, саясаттану және дінтану институттарының жетекші ғалымдары мен ғылыми қызметкерлері қатысты.
Шақырылған спикер ретінде жаңа Конституцияны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі – заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Е.Дүйсенов 2026 жылғы конституциялық реформаның кейбір түйінді мәселелерін түсіндіріп берді. Экономика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ғалымдар одағының төрағасы, ҚР ҰИА академигі О.С.Сәбден, экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі А.А.Сатыбалдин, социология ғылымдарының докторы А.Қ.Садуақасова, филология ғылымдарының кандидаты А.М.Фазылжан сияқты белгілі ғалымдар да сөз сөйледі.
Қатысушылар гуманитарлық ғылымдардың азаматтық бірегейлікті нығайтудағы және қоғамды стратегиялық дамытудағы басты рөлін атап өтті. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша гуманитарлық зерттеулерді одан әрі дамыту және жаңа Конституция ашып беретін мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жөнінде ұсынымдар қабылданды.