Басты бет

Магистратура және докторантура

Магистратура және докторантура

ҚР ҒЖБМ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІНІҢ ЭКОНОМИКА ИНСТИТУТЫ БАЗАСЫНДА ҒЫЛЫМИ КАДРЛАР ДАЯРЛАУ

(ҚР ҒЖБМ БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫ)

Экономика институты экономика саласындағы институттың басым ғылыми бағыттары негізінде жоғары білікті ғылыми кадрлардың жаңа буынын даярлауды жүзеге асырады. Ғылыми мектептер құрамындағы ғылыми-зерттеу қызметі арқылы ғылыми кадрларды даярлау елдің зияткерлік әлеуетін ұлғайту жүйесіндегі маңызды буын болып табылады.

2014 жылдан бастап ғылым мен білім беруді интеграциялау шеңберінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен білім беру бағдарламалары іске асырылуда.  Жыл сайын ғылым және жоғары білім министрлігі Экономика институтының докторантурасы мен магистратурасында оқуға гранттар бөледі.

2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Экономика институты докторантурада оқуға 20 грант және магистратурада 50 грант бөлді. 12 маман бітірді. Докторантураны аяқтап, 8 бітіруші сәтті қорғаса, магистратураны аяқтаған 49 түлек магистр атанды. Докторантураның барлық дерлік түлектері институтта жұмыс істейді, олар біліктілігін үздіксіз арттырып отырады. Сонымен бірге, институттың бөлім меңгерушілерінің арасында PhD дәрежесін және қауымдастырылған профессор атағын алған біздің докторантураның түлектері бар. Институттың ғалым хатшысы, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, ZertteuLab зертханасының меңгерушісі – экономика институтының ғылыми мектебінің ізбасарлары болып табылатын жас ғалымдар.

Институттың білім беру бағдарламаларының айрықша ерекшеліктері -олар танымал ғылыми мектептерді басқаратын және зерттеу жұмысында үлкен тәжірибесі бар көрнекті ғалымдар әзірлеген авторлық курстар.

PhD даярлаудың білім беру бағдарламалары ғылыми, педагогикалық, басқарушылық немесе өзге де кәсіби қызмет үшін қажетті экономикалық ғылымның тиісті бағыттары бойынша іргелі білім беру, әдіснамалық және зерттеу даярлығын және пәндерді тереңдетіп оқытуды көздейді.

Докторанттарға ғылыми кеңес беруді және магистранттарға ғылыми жетекшілік етуді ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметте айтарлықтай тәжірибесі бар Институттың жетекші ғалымдары жүзеге асырады. Бұл жас зерттеушілердің дайындық сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Докторанттар мен магистранттардың Институттың ғылыми-зерттеу жобаларына тікелей қатысуға және Орындаушы болуға мүмкіндігі бар. Бұл тәсіл таңдалған мамандық бойынша ғылыми зерттеулерді өз бетінше және шығармашылықпен жүргізуге қабілетті кадрларды дайындауға мүмкіндік береді. Осылайша, қазақстандық ғылымды кадрлармен қамтамасыз етудің маңызды мәселелері шешілуде.

Қазіргі уақытта Экономика институтының базасында Экономика; Әлемдік экономика; Инновациялық менеджмент; Мемлекеттік және жергілікті басқару; Маркетинг мамандықтары бойынша магистрлер мен PhD докторларын даярлау жүзеге асырылады.

Экономика институтының докторантурасы мен магистратурасына оқуға түсу мәселелері бойынша 8 707 430 9005 байланыс нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Оқуға түсу шарттары бойынша ақпаратпен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сайтында танысуға болады.